Абай облысында «Шаңырақ» Студенттік Ассамблеясы ашылды
Бұл жастардың этносаралық келісімі мен азаматтық бірегейлігін нығайтуға бағытталған маңызды оқиға және студенттік жастар арасындағы ынтымақтастық пен бірлікті одан әрі нығайтуға арналған ерекше бастама болды.
Презентация салтанатына Абай облысының ішкі саясат басқармасының басшысы А. Садырбаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ә. Нускенова, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Т. Джумурбаев, Павлодар облысындағы «Ассамблея жастары» жетекшісі Р. Смайлов және ШҚО «Ассамблея жастары» жетекшісі Р. Юнусов қатысты.
Тимур Джумурбаев жастар ұйымының даму перспективалары туралы айтып, университеттер мен колледждердің өкілдеріне «Шаңырақ» Студенттік Ассамблеясының сертификаттарын табыстады.
Кездесудің ерекше бөлігінде Абай облысының белсенді студенттері сөз сөйлеп, бірлік пен достықты насихаттайтын идеяларымен бөлісті.
Кештің ажарын концерттік бағдарлама аша түсті. «Шәкәрім» жайдарман тобының әзілдері, «Элит» вокалдық тобының әсерлі әндері және жас таланттардың өнері көрермендерді тәнті етті. Кешті X-Factor жобасының финалисі, «Элит» тобының солисі «Атамекен» әнімен аяқтады.










