Бесқарағай ауданының Қарағайлы ауылдық клубында Татарстан делегациясы мен «Башкуль» татар мәдени орталығының мүшелері маңызды мәдени кездесуде бас қосты. Кездесу барысында татар халқының қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық дәстүрлер мен қолөнердің көрнекті үлгілері таныстырылды.
Шараның тағы бір ерекшелігі – ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы халықтың Ұлы Абайы» атты кітап көрмесі. Көрмеде Абай шығармашылығы мен оның мәдени мұрасы туралы кітаптар қойылды.
Кездесу бағдарламасы аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының шағын концерттік бағдарламасымен толықты. Концерт аясында «Абай дана — Абай дара» атты театрландырылған қойылым көрсетіліп, көрермендер ұлы ақынның даналығы мен терең шығармашылығына тағы да бір рет куә болды.
Бұл шара екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға және екі халықтың мәдени мұрасын дәріптеуге бағытталған маңызды қадам болды.






