Skip to content

Абай облысының тұрғындары «Алғыс эстафетасы» челленджі аясында жақындарына алғыс білдірді

Алғыс айту күніне орай әлеуметтік желілерде «Алғыс эстафетасы» челленджі бастау алды. Бұл бастама аясында өңір тұрғындары өз жақындарына ғана емес, сондай-ақ, көптен бері алғыс айтқысы келген жандарға да жүрекжарды тілектерін жеткізді.

Мәселен, семейлік тұрғындардың бірі Анасын барлық бастамаларында қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Ол анасының қиындықтар мен қателіктерге қарамастан әрдайым жанында болып, жігер бергенін атап өтті.

Сонымен қатар, дәрігерлер мен жұмысшы мамандық иелеріне де жылы лебіздер айтылды. Себебі, олардың еңбегі көп жағдайда адамдардың өмірін сақтап қана қоймай, халықты қажетті игіліктермен қамтамасыз етеді.

Тұрғындар құтқарушылар мен полицейлерге де ерекше алғысын білдірді. Олар – қауіпсіздігіміз бен тыныштығымыздың күзетінде тұрған жандар.

Абай облыстық Достық үйінің директоры Надежда Шарова өз туған өлкесіне және елдің дамуына, қоғамның бірлігіне өз үлесін қосып жүрген барлық қазақстандықтарға алғысын жеткізді.

– Өзінің қызметінде күндіз-түні аянбай еңбек етіп, әрдайым көмекке келуге дайын жандарға алғысымды білдіремін. Бүгінгі күні және әрдайым біз бір-бірімізге түсіністік пен төзімділік үшін, еліміздің басты құндылығы – халық бірлігін нығайту үшін алғысымызды айтамыз. Жылы сөздер мен алғыс айту әлемді жарқын, мейірімді етіп, оған сенім мен үміт сыйлайды, – деді ол.

«Алғыс эстафетасы» челленджі әлеуметтік желілер мен электронды БАҚ арқылы кең таралып, тек көршілес аймақтарды ғана емес, болашақта бүкіл республиканы қамтуды мақсат етеді.

Бөлісу/Поделиться: