Семей қаласындағы IT-мектеп-лицей №50 қабырғасында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Бұл маңызды әлеуметтік шара – жаңа оқу жылы қарсаңында көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына қолдау көрсетуге бағытталып, бір мақсат жолында қоғамның белсенді азаматтарын біріктірді.
Акция аясында оқушыларға мектепке қажетті кеңсе заттары мен мектеп формасы табысталды. Бұл көмек көптеген отбасы үшін 1 қыркүйекке дайындық кезінде үлкен қолдау болды.
Шараны ұйымдастырушылар – Абай облысының «Қоғамдық келісім» мекемесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі және «Жомарт жан» қайырымдылық орталығы. Акцияға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, мектептің қамқоршылық кеңесінің мүшелері, сондай-ақ Семей қаласындағы арнайы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау орталығының қызметкерлері мен тәрбиеленушілері қатысты.
Игі шараның басты мақсаты – материалдық көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар қоғамда мейірімділік, жанашырлық және әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу. Мұндай акциялар адамдардың бір-біріне деген қамқорлығын арттырып, жарқын болашаққа сенімділік ұялатады.
